Астанада ОҚО күндері аясында 40 тонна қауын-қарбыз бен палау таратылады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы жұртшылығы елордалықтарға жеті ерекше тарту жасамақшы. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында өтетін Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында бірнеше тосынсыйлар жасалмақ. Мәселен, «Құрбан айт» мерекесінің бірінші күнінде этноауылда 5000 адамға арналып палау пісіріліп,  «1 қауын, 1 қарбыз» атауымен 40 тонна қауын-қарбыз әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тегін үлестіріледі. «Бәйтерек» монументінің алдында оңтүстікқазақстандық өнертапқыш Бөкебаев Еркінбек құрастырған қазақ арбасымен елорда тұрғындары мен қонақтарына айттық дәм ұсынылады. Облыс жастары «Құрбан айт» мерекесіне орай, қоғамдық көліктерде адам көп шоғырланатын жерлерде 5 мың адамға бауырсақ, тәтті нан таратып, мерекемен құттықтайтын болады.

Ұлттық кітапханада Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде шығарылған «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих», «Жаһан таныған жеті тұлға» атты кітаптары мен Астана қаласының оқушылар сарайында «Күш атасы - Қажымұқан» анимациялық фильмінің тұсаукесері өткізіледі. Бұдан бөлек, «Қазмұнайгаз» компаниясының ғимаратынан бастап, «Нұржол» гүлзары бойымен «Бәйтерек» алаңына дейін «Түркі елінің түп тамыры - Оңтүстіктен мерейлі Астанаға сәлем!» атты ежелгі тарихымыздан сыр шертетін бұйымдар тиелген түйелердің, аттардың керуені жүріп өтеді.

Сонымен қатар, «Бәйтерек» алаңында бір уақытта 600 жас домбырашының орындауындағы күй орындалады. 1-2 қыркүйек күндері екі қабатты ағылшын автобусымен елорданың адам көп шоғырланатын жерлері мен «Мәңгілік ел», «Сарыарқа» және т.б. басты көшелерінде музыкалық шеру ұйымдастырылады.

Аталған негізгі 7 шарадан басқа да бағдарламаға сәйкес облыстың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен байлығын паш ететін жалпы саны 43 мәдени көпшілік іс-шарасы өтеді деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар
telegram