Астанада оқу жылы қарсаңында жаңа автобустар жүре бастайды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елордада 400 автобус тапшылығы бар. Бұл туралы Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бауыржан Тайбергенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2019 жылы біз 100 электробус сатып алдық, ал кейінгі төрт жылда бізде жаңарту болмады. Биыл 400 автобус тапшылығы бар. Мәслихат депутаттарының қолдауымен 300 автобус сатып алуға 6,2 млрд теңге бөлінді, осы 300 автобустың 70-і Астанаға жеткізілді. Қазір бұл көліктерге тиісті құрылғылар мен жабдықтарды қосу іске асырылып жатыр. Жаңа оқу жылы басталатын кезде, бұл автобустар жолаушы тасымалдауға шығады», - деді Б.Тайбергенов Астана қаласы мәслихаты тұрақты комиссиясының отырысында.
Оның айтуынша, қалған автобустар елордаға күз айларында жеткізілмек.
«Сонымен қатар субсидиялардың арқасында жеке автопарктер жаңа автобустарды сатып ала бастағанын атап өткім келеді. Үшінші автопарк 25 автобус сатып алып, жолаушы тасымалына шығарды. Алтыншы парк те 25 автобусты жеткізді. Сондай-ақ жыл соңына дейін жетінші парк 20 автобусты, төртінші парк 10 көлікті алады. Олар – 12 метрлік автобустар. Атап айтқанда, жаңа 400 автобус толық жеткізілген кезде, жаңа 6 бағдарды іске қосамыз. Осы орайда Агроқалашық, Көктал-1 және Көктал-2, Үркер, Шыңғыс Айтматов, Мұхамедханов, Сығанақ, Төле би, Тұран және қаланың басқа да аудандарындағы мәселені шешеміз», - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астана тұрғындарының 48 пайызға жуығы қоғамдық көлікпен жүреді.