Астанада оқушы жоғарғы қабаттан секіріп мерт болды
Елордада жасөспірім жоғары қабаттан секіріп, көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2023 жылғы 20 қыркүйекте Астана қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан жасөспірімнің мәйіті табылды. Алдын ала ақпарат бойынша ол үйдің терезесінен құлап кеткен. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы 3-бөлігіне сәйкес тіркелді. Болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Осы орайда ресми ақпаратқа сүйенуді сұраймыз», - делінген полиция дерегінде.
Ақпаратта айтылғандай, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесі үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесі мен өзге де деректер жарияланбайды.
Сондай-ақ, қалалық білім басқармасы да қайғылы жайтқа түсінік берді.
«Жасөспірімнің қайғылы қазасы фактісі бойынша тергеу шаралары басталды. Тергеу барысында оқиғаның бүкіл мән-жайы анықталады. Қаланың білім басқармасы марқұмның отбасына көңіл айтады», - дейді ведомстводан.