Астанада оқушыларды оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада 2026-2027 оқу жылына дайындық аясында мектептерді жаңа оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіліп жатыр.
Астана әкімдігінің мәліметінше жаңа оқу жылында Астана қаласының оқушыларын қажетті оқу әдебиетімен толық қамтамасыз ету мақсатында 14 баспадан 1 млн 200 мыңнан астам дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешен сатып алынды.
Бүгінде сатып алынған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер қалаға толық жеткізілді. Қазіргі таңда оларды елорда мектептеріне тарату жұмысы жүргізіліп жатыр.
Оқу әдебиеттерін мектептерге жеткізу жұмысы бекітілген жоспарға сәйкес ұйымдастырылып, жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық білім алушыны қажетті оқулықтармен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.
31 тамызға дейін Астана қаласындағы барлық оқушыны оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Айта кетелік мектеп оқулықтарын тексеру барысында 700-ден астам өрескел қате анықталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл олқылықтар орта білім сапасына нұқсан келтіретінін айтып, оқу материалдарын қайта қарауды тапсырған еді.