Астанада оқушы қыз мектепте балағат сөздер айтқан: Сот үкімі шықты

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұзақылық жасаған оқушы қызға қатысты іс қаралған. Анықталғандай, мектеп ғимаратында кәмелетке толмаған З. кәмелетке толмаған К.-ға былапыт сөздер айтқан.
«Ол ұсақ бұзақылық жасап, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Сотта оның заңды өкілі кінәні толық мойындады.
Кәмелетке толмаған З.-ның кінәсі кәмелетке толмағандардың, олардың ата-аналарының хаттай түсініктемелерімен, полиция басқармасы ұсынған құжаттармен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, З.-ға қатысты шара қолдану туралы полиция басқармасына Г.-ның берген арызымен дәлелденді.
Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігінде көрсетілгендей, 14-16 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірім жасаған ұсақ бұзақылық немесе бұзақылық Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 435-бабына сәйкес, оның ата-анасына немесе олардың орнында жүрген тұлғаларға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (24 150 теңге) айыппұл салуды көздейді», - делінген сот хабарламасында.
Мәлім етілгендей, сот жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде кінәні толық мойындауды және өкінуді назарға алған. Ал жазаны ауырлататын мән-жай анықталмаған.
Сот үкімімен кәмелетке толмаған З.-ның заңды өкілі К.Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 435-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 16 905 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Үкім заңды күшіне енді.