Астанада оқушылар арасында авторлық әскери-патриоттық әндер байқауы өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы №70 мектеп-лицейінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс туы желбіре!» атты І қалалық авторлық әскери-патриоттық әндер байқауы өтті. Байқауға Астана мектептері және колледждер қатысты. Іріктеуден 12 оқушы өтті, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Байқаудың мақсаты - аты аңызға айналған қазақ халқының батырлары, Халық қаһармандарының ерлікке толы өмірін үлгі ету. Сонымен қатар, оқушылар авторлық өлеңдерді шығару арқылы өздерінің шығармашылығын шыңдай түседі, Отанға деген сүйіспеншілігі артып, патриоттық сезімі дамиды. Шараны ұйымдастырушы - Білім басқармасы, Қорғаныс істері жөніндегі департаменті, «Ар-намыс» жедел іздестіру қызметі ардагерлерінің» Республикалық қоғамдық бірлестігі, №70 мектеп-лицейі. Бұл байқауда ҚР мәдениет қайраткері, Құрмет белгісі орденінің иегері, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, Халықаралық Республикалық байқаулардың лауреаты ақын сазгері Оспан Сүлейменұлы, Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің ардагері генарал-майор Марат Нагуманов төрелік етті. Байқауда «Б. Момышұлына арнау» әнімен, ерекше сөзімен, тақырыпқа сай композияциясымен бас жүлдені иеленген №70 мектеп-лицей оқушысы Әлекбай Жамбыл. Бұл әннің ерекшелігі, сөзін жазған әншінің өзі болды. Байқауда №64 мектеп -лицейдің «Алау» триосы I орын алды, №16 мектеп-гимназиясы «Победители» әнімен (авторы, орындаушы Кизима Никита) және «Фотография в газете» әнімен №30 МГ (сөзі: Римма Казакова, орындаушы Жакан Дамина, Карман Ернат) екінші орында, №22 МГ «Наследники Победы» әнімен (авторы, орындаушы Вороненко Андрей) және «Алға, қазағым» әнімен «Даналық» колледжінің студенті (авторы, орындаушы Нұржеңіс Жолдабай) III орында.