Астанада оқыту бағдарламалары мен технологиясын жетілдіру мәселесіне арналған республикалық семинар-конференция өтеді
АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес,
мемлекеттік тілді сапалы, альтернативті және жаңа оқу-құралдарымен оқытудағы оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 2012 жылдың 15 қараша күні Астана қаласында семинар-конференция өткізуді жоспарлап отыр.
Шараның негізгі мақсаты - мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, құзыреттілігін арттыру және жалпы тіл білімінің өзекті мәселелерін тіл білімі ғылымындағы заманауи талап-меже тұрғысынан бағамдап, ғылыми-теориялық ойларды сараптау, оқыту методикасындағы озық технологияларды біріздендіру, жаңа технологияларды пайдаланудың барлық мүмкіндіктерін қолдану.
Семинар-конференцияға мемлекеттік тілді оқытудың жаңа технологияларын, оқыту бағдарламалары мен мазмұнына байланысты ғылыми әдістемелік зерттеу жүргізетін ғалымдар, Қазтест орталығының мамандары, облыстық және аудандық Тілдерді оқыту орталығының оқытушылары, практикада осы мәселемен айналысып жүрген озық тәжірибелі оқытушылар мен әдіскерлер, мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі мамандар, қазақ тілінің аудармашылары, жоғарғы оқу орындарында қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде жаңа технологиялармен оқытып жүрген үздік әдіскер - ғалымдар қатысады.
Семинар-конференцияның пленарлық мәжілісінде мемлекеттік тілді оқытудың жаңа технологияларымен ғылыми-әдістемелік зерттеу жүргізетін ғалымдар мен озық тәжірибелі оқытушылар, әдіскерлер бас қосып шеберлік сабақтарын көрсетсе, секциялық жұмыста Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының, «Руханият», «Зерде» оқыту орталықтарының оқытушылары семинар-тренинг жүргізеді деп жоспарлануда.
Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификат беріліп, олардың сабақ үлгілері жинақ болып басылып шығады.