Астанада Олимпиадаға баратын үшінші мәнерлеп сырғанаушы анықталып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Алау» мұз сарайында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Аталған біріншілік желтоқсанның 29-на дейін жалғасады. Бұл біріншілікте Оңтүстік Кореяда өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын үшінші мәнерлеп сырғанаушының есімі белгілі болады.

Жарысқа еліміздің әр өңірінен 80-нен астам спортшы бақ сынап жатыр. Олардың арасында ең кішкентайы он бір жаста болса, ересегі - жиырма бес жаста. Біріншілік жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінген.

Мәнерлеп сырғанау құрамасының бас жаттықтырушысы Құралай Узурованың тілшілерге берген мәліметіне сүйенсек, осы жарыста Олимпиада ойындарына әйелдер құрамасы сапында баратын үшінші мәнерлеп сырғанаушы анықталмақ. Ал өзге жеңімпаздарға әлем біріншілігіне жолдама беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарына мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет Қазақстаннан үш спортшы қатысатынын айтқан болатынбыз. Осыған дейін, Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева жолдама жеңіп алған болатын. Сондай-ақ, Элизабет Тұрсынбаеваның әлем чемпионатындағы көрсеткішінің нәтижесінде Қазақстан тағы бір лицензияға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болған еді. Енді сол үшінші жолдама осы ел біріншілігінде анықталмақ. Оған Айза Имамбек пен  Жансая Әдіханова басты үміткер ретінде қаралып отыр.

Соңғы жаңалықтар