Астанада өндірістік жарақат алу жағдайлары жиілеп барады

АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада құрылыс және өнеркәсіп нысандарында өндірістік жарақат алу жағдайлары жиілеп кетті. Бұл туралы astana.kz сайтына Төтенше жағдайлар департаментінен хабарланған.

Астанада өндірістік жарақат алу жағдайлары жиілеп барады

Департамент мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан бері 69 төтенше жағдай тіркелсе, соның ішінде 42 адам құрылыс және өнеркәсіптік нысандарда биіктен құлап, алтауын электр тогы соққан. Құрылыс алаңдарында 13 адам жан тәсілім етсе, 58 адам ауруханаға жатқызылды.

«22 маусымда Алматы ауданында жұмыс жүргізу барысында дәнекерлеуші жоғары вольтты желілер орнына құлаған. Ол медициналық жәрдем келіп жеткенше алған жарақаттардан көз жұмды. 27 шілдеде Есіл ауданында да осындай оқиға орын алған. «КАМАЗ» көлігінің жүргізушісі шанағымен электр сымдарына тиіп кетіп, ток соғудың салдарынан жан тапсырған. 30 шілдеде дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде жұмысшыны ток соққан» делінген баспасөз баянында.

Сонымен қатар, департамент деректеріне қарағанда, жұмыскерлердің биіктен құлау жағдайлары да артып отыр. Мәселен, сәуір айында Алматы ауданында 6, Есіл ауданында 5 жұмысшы құлап, біреуі қаза тапқан. Зардап шеккендердің бәрі 20-30 жас шамасында.

«Монтаждаушы, сылақшы, тасшы мамандар 2-ші және 3-ші қабаттардан жиі құлайды. Бұл құрылыс және өнеркәсіптік нысандарда жұмыстар жүргізу барысында қауіпсіздік техникасын сақтау, күн сайын нұсқалар беру, мердігерлік ұйым жетекшілеріне қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту қажеттілігінің белгісі» делінген ақпаратта.