Астанада өнегелі отбасы өкілдерімен кездесу өтпек

Астана. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ертең «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің концерттік залында, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның (бұдан әрі - Ұлттық комиссия) ұйымдастыруымен «Мақтаным, тірегім - отбасым» атты өнегелі отбасылар өкілдерімен кездесу өтеді.

Астанада өнегелі отбасы өкілдерімен кездесу өтпек

Бұл туралы Ұлттық комиссияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Биыл елімізде қыркүйектің екінші жексенбісінде алғаш рет аталып өткелі отырған Отбасы күні мерекесі қарсаңына орайластырылып жатқан іс-шараның мақсаты - отбасы институтын, имандылықты, руханилықты нығайтуға, жауапкершілікті ерлі-зайыптылықтың маңыздылығын тануға жәрдемдесуге негізделген.

Кездесуге ҚР Президентінің кеңесшісі, Ұлттық комиссияның төрайымы Г.Н.Әбдіқалықова қатысады. Сондай-ақ, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері шақырылған.

Отбасылық-демографиялық саясаттың маңызды құрауышы ретінде отбасылық құндылықтарды, жауапкершілік пен әсіресе көп балалы болуды халық санасына сіңіру басты мемлекеттік міндеттердің бірі болып табылады.

Әрбір қазақстандық отбасы мен әрбір қазақстандықтың өміріне шынайы сезінерліктей оң өзгерістер әкелуге бағытталған нақты қадамдар жасалуда. Ендігі кезек - азаматтардың өзінде, әрқайсымыздың сол бастамаларды ілгерілетуге үлес қосуымызда. Бұл кездесу қоғамның әр мүшесінің отбасы институтын қолдау үшін өз деңгейінде еңбек ете алатынын көрсетуге арналған.

Кездесудің басты кейіпкерлері - Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген, Отанымыздың өркендеуіне еңбегімен де, өнегелі ұл-қызымен де үлес қосып жүрген ата-аналар - «Отбасым» журналында жарияланған материалдардың кейіпкерлері. Отбасылық құндылықтарды насихаттау үшін нақты адамдар өмірін өнеге ете отырып, кездесу кейіпкерлерінің отбасылық тәрбие, әке мен ананы қадірлеу, сапалы, саналы ұрпақ өсіру бойынша өмірлік тәжірибелері насихатталып, құрмет көрсетіледі. Сондай-ақ жас ұрпақтың бойына өскен ұясын қастерлеу, ұл-қызы үлгі тұтар ата-ана болу сезімін дарыту көзделеді.