Астанада өнер колледждерінің өнерпаздары жылдық қорытынды концерттерін өткізді

Биыл шараға еліміздің А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі, О.Таңсықбаев атындағы Сәндік-қолданбалы өнер колледжі, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі және П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері қатысуда.
"Өнер колледждерінің ұжымдары жылдық жұмыстарының қорытындысы ретінде концерт ұйымдастырады. Бұл бастаманы былтыр ҚР Білім және ғылым министрі көтеріп, оны еліміздің елордасы - Астанада өткізу жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Және ол - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған. Осы іске біз барлығымыз кәсіби тұрғыда күшті дайындықпен келдік",-дейді А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің директоры Талғат Андаспаев.
Әр колледж өзінің сан-салалы концерттік бағдарламасын дайындаған. Мәселен, А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі Астанаға балет, қазіргі заман және Қазақстандағы диаспоралардың ұлттық билерін алып келген. Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі болса, сирек жанрлардың бірі - цирк қойылымдарын, эстрада, би және қазақтың дәстүрлі өнерін ұсынды. Ал П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі эстрада және цирк, хореографиялық, классикалық би, қазақ ұлттық аспаптары мен симфониялық оркестрі, хор ұжымымен өнерлерін паш етті.
"Шара Қазақстанның жас ұрпағын тәрбиелеуге үлкен серпін береді. Олар болашақ әртістер, суретшілер мен зергерлер, еліміздің мәдениетінің өкілдері. Тәуелсіздік мемлекеттік мерекесіне арналған концерттер өз еліне, жеріне, халқына, президентіне деген махаббатты білдіруге ынталандырып қана қоймайды, сонымен қатар жас өнерпаздарға өз талантын көрсетуге де мүмкіндік береді",-дейді П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Ая Галиева.