Астанада орналасқан барлық кәсіпорындардағы жарық шамдары энергоүнемдегіш шамдарға ауыстырылады
АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астана қаласында орналасқан барлық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерде жарық шамдарын энергоүнемдегіш шамдарға ауыстыру жоспарлануда.
Бұл туралы бүгін Астана қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Қуаныш Бейсенбинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана өзінің қарқынды дамуының есебінен электр және жылу энергияларының жетіспеушілігін сезінуде. Сондықтан біз энергия үнемдеу шараларын - энергияның қосымша көзі деп білеміз. Энергия қорының 25-30 пайыз бөлігін сақтай отырып, біз оның үстінен осыған пара-пар энергия шығара алатын мүмкіндік аламыз. Сондықтан бұл өте маңызды мәселе және бұдан ары осы мәселемен айналыса беретін боламыз», деді Қ. Бейсенбинов.
«Жақын арада Астана қаласында орналасқан барлық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерде жарық шамдарын энергоүнемдегіш шамдарға ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Үнем шамамен 80 пайыз болады. Біз тек қана кәсіпорындарды ғана емес, қала тұрғындарын осы бір үлгі бойынша энергоүнемдегіш шамдарды қолдануға үндейміз", деп атап көрсетті ол.