Астанада өрт кезінде 8 адам қаза тапқан
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордамызда биыл тілсіз жаудың салдарынан 8 адам мерт болған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі астаналық әкімдіктің медиа орталығына сілтеме жасап.
Өрт салдарынан қаза тапқандардың саны былтыр 13 болса, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 38%-ке төмендеген.
Астана қаласы ТЖД ӨҚ БжПҚБ техникалық нормалау бөлімінің бас маманы Қайыр Нұрғазиновтың айтуынша, өрт көбінесе Астанадағы жеке үйлерден шығады.
Күннің суытуына байланысты астаналық ТЖД қала тұрғындарын өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді. «Ең бірінші пешті жылытуды ретке келтіру керек. Оның ішінде түтін шығатын мұржада жарықшақтар, сынықтар пайда болып, өрттің шығуына себеп болуы мүмкін», - дейді Қ.Нұрғазинов.
Пешті пайдалану кезінде пештің алдына отынды үйіп қоймауға, киім кептіруге, басқа да заттарды жақын қоюға тыйым салынады.
«Күн суытқан кезде жылу реттегіші бар зауыттан шыққан электр қондырғыларын пайдаланған дұрыс», - деп атап өтті ол.