Астанада «Орта Азияны жаулап алу тарихы» (карталармен және жоспарлармен) 3 томдығының тұсаукесері өтті
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Ұлттық кітапханада Михаил Терентьевтың (1837-1909 жж.) «Орта Азияны жаулап алу тарихы» (картамен және жоспарлармен) атты үштомдық факсимильдік баспа туындысының көрмелік тұсаукесері болып өтті.
Аталған баспалық өнім алғаш рет 1906 жылы Санкт-Петербор қаласында жарыққа шыққан болатын.
Аталған баспа өнімінің бүгінгі Қазақстан үшін құндылығы зор болып саналады. Өйткені, мамандардың пайымынша, онда Қазақстан аумағында мекендеген халықтардың тарихы, мәдениеті мен тұрмысы, сондай-ақ өмір сүру қырларының басқа да ерекшеліктері шынайы әрі нақты деректермен жазылып қалдырылған.
Мәселен, Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп жұмысшысы, инженер-геолог Балтабек Қуандықовтың айтуынша, «бұл кітапты біздің байтақ даламызды сақтап, ұрпағына аманатпен жеткізген бабаларымызға ескерткіш ретінде санауға болады».
Үштомдықты шығаруды «TANARIS PRODUCTION» кинокомпаниясы мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бірлесіп жүзеге асырған. Ал кітаптың түпнұсқасы Қазақстанның ҰАК сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған.
Өнімді шығарып жұртшылыққа таныстыру шарасы белгілі кинорежиссер, продюссер Сергей Әзімовтың, ҰАК бас директоры Гулиса Балабекованың, академик, тарих ғылымдарының докторы Болат Көмековтың, жазушы, қоғам қайраткері Мереке Құлкеновтың бастамашылығымен жүзеге асып отыр.