Астанада Орталық Азиядағы ең ірі жабық аттракцион паркі ашылмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада аумағы 10 мың шаршы метр болатын заманауи жабық Ailand аттракцион паркін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов мәлімдеді.
Ол елордалық мәслихатта өткен қоғамдық тыңдауда Астананың туризм саласындағы қазіргі көрсеткіштері мен алдағы жоспарларына тоқталды.
Халел Әкімжановтың айтуынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елордаға 830 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12% көп. Қазір қалада 100-ден астам туристік нысан мен 340 қонақүй бар. Экскурсиялық қызметті 140-тан астам кәсіби гид көрсетеді.
– Жақын арада аумағы 10 мың шаршы метр болатын заманауи жабық Ailand аттракцион паркін іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа нысандар экскурсиялық бағыттарды кеңейтіп, қала қонақтарына елордамен танысудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынады, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар қонақүй инфрақұрылымын дамыту үшін инвесторлармен бірқатар жоба пысықталып жатыр. Басқарма басшысы елорданы шетелдік туристерге таныту бағытында да жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Бұдан бөлек, биыл маусым айынан бастап Астананың 2026–2031 жылдарға арналған туризмді дамыту стратегиясы әзірленіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – туристер санын көбейту, олардың қалада болу мерзімін ұзарту және туристік шығын көлемін арттыру.
Стратегияны әзірлеу төрт кезеңнен тұрады. Осы уақытқа дейін Астанамен салыстыруға келетін сегіз қалаға талдау жасалып, шетелдік алты басым нарық зерттелген. Сондай-ақ 9 мыңға жуық турист арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері сараланған.
Оның айтуынша, қазір туристік ағынның нақты көлемі мен оның қала экономикасына қосатын үлесі бағаланып жатыр. 12 тамызда сарапшылар, туристік бизнес өкілдері және мәслихат депутаттарының қатысуымен стратегиялық сессия өткен.
– Онда туризм саласын одан әрі дамыту және Астананы туристік бағыт ретінде таныту мәселелері талқыланды. Қазір стратегияны әзірлеудің үшінші кезеңіне көштік. Бұл кезеңде инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру, елорданы таныту және туризмнің басым бағыттары бойынша бастамалар әзірленеді. Қорытынды кезеңде жол картасы, мастер-жоспар және негізгі тиімділік көрсеткіштері жүйесі дайындалады. Стратегияны әзірлеу жұмыстарын биыл қараша айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Одан кейін құжат Астана қаласы мәслихатының қарауына ұсынылады, – деді Халел Әкімжанов.
Бұған дейін Астанада батпақты жердің орнына 4 млрд теңгеге экосаябақ салынғанын жаздық.