14:34, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Астанада Орталық Азиядағы азаптаудың алдын алу жөніндегі жобаны жүзеге асырудың қорытындысы таныстырылды
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін Астана қаласының «Тенгри» қонақүйінде «Орталық Азиядағы азаптаудың алдын алу» атты жобаны жүзеге асырудың қорытындысы таныстырылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аталмыш жобаны Еуропалық Комиссияның қолдауымен Freedom House Europe және Орталық Азия елдерінің серіктес ұйымдары ұйымдастырып отыр. Таныстырылым аясында соңғы екі жыл ішінде осы салада қолға алынған өзгерістер, мемлекеттік органдар мен құқыққорғаушылардың азаптауды түп-тамырымен жою жөніндегі бірлескен жұмысы, журналистердің азаптау проблемаларын жан-жақты тарату қызметі жайында ақпараттар ұсынылды. Жобаның таныстырылымына Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының Астана қаласындағы филиалының директоры Анар Ибраева, Қазақстандағы Freedom House өкілдігінің үйлестірушісі Әйгерім Сабыралиева, сондай-ақ «Орталық Азияда азаптаудан құқықтық қорғану тәсілдерін іздестіру» жобасының үйлестірушісі Татьяна Чернобиль қатысты. «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан бері адам құқықтары жөніндегі бірқатар халықаралық құжаттарға қосылды немесе оларды ратификациялады. Олардың қатарында осы бағыттағы бірнеше Женева конвенциялары, Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісі, БҰҰ-ның азаптауға қарсы конференциясы бар», - деп атап өтті Анар Ибраева.Сонымен қатар, шараға қатысушыларға «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының жобасы аясында түсірілген фильм көрсетілді.