Астанада өртке байланысты 26 қылмыстық іс қаралып жатыр
Елордада өрт фактілері бойынша, 26 қылмыстық іс бар. Оның ішінде 2 факт бойынша өрттің туындауына кінәлі адамдар сотталды. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары Дамир Ермағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы уақытқа дейін өртті сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары бойынша 4 242 жедел шақырту болды. 634 адам құтқарылды және эвакуацияланды сол сияқты 87 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі көмек көрсетілді. Өрт кезінде 30 адам жарақат алып, 7 адам қаза тапты. Бүгінде біздің департаменттің есебіне 24 791 объект алынды, оның ішінде тәуекелі жоғары дәрежеге жататын 3 573 объект бар», - Дамир Ермағамбетов мәслихат отырысында.
Оның мәліметінше осы күнге дейін өрт қауіпсіздігі бойынша 591 тексеру жүргізілді. Оның барысында 4 533 өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі анықталып, 223 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Өртке байланысты қылмыстық фактілер бойынша департаментте қылмыстық қудалау органдарының өндірісінде 26 қылмыстық іс бар. Оның ішінде 2 факт бойынша өрттің туындауына кінәлі адамдар сотталды. Жалпы, біздің департамент жүргізіп жатқан алдын алу жұмыстарының нәтижесінде елордада өрттің саны 19%-ға, оның ішінде тұрғын үй секторында 35% - ға төмендеді. Сондай-ақ өрт кезінде қаза тапқан адамдардың саны 41,7%-ға азайды», - дейді спикер.