Астанада өрттен көз жұмғандардың көбі мас болған – ТЖД

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жыл басынан бері өрттен 12 адам көз жұмған. Оның 10-ы мас болған. Бұл туралы онлайн брифингте Нұр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар департаменті апат қаупін азайту мен азаматтық қорғаныс саласын бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада өрттен көз жұмғандардың көбі мас болған – ТЖД

«От жағылатын пештің дұрыстығын жиі тексеріп, электр желілеріне ревизия жүргізіп отыру керек. Балаларды ешқашан қараусыз қалдырмай, үй отпен жылытылатын жағдайда абай болған дұрыс», - деді Еркін Отарғалымұлы.

Ол сонымен қатар жыл басынан бері 12 адам өрттен көз жұмғанын, тілсіз жау үйін жалмаған кезде оның 10-ы мас болғанын хабарлады.

«Бұл ретте әрдайым абай болу керектігін естен шығармайық. Себебі шалыс басқан әр қадам кісінің өзіне де, отбасы мүшелері үшін де қауіпті», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Еркін Отарғалымұлы елордалықтарға пештің мұржасы мен құдығын тексеріп, тазалап қоюды ескерткен болатын.

Оның айтуынша, ауа райы күрт суыған кезде пешті кейбір үйлер шамасынан тыс қыздырып жатады.

Осы ретте монтаждау кезінде кемшілікке жол берілсе, ол үйден өрт шығу қаупі өте жоғары.