12:48, 06 Қараша 2013 | GMT +5
Астанада орыс мектептеріне қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдерге семинар өткізілді
АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Назарбаев орталығында «Мемлекеттік тілді меңгертудегі озық әдістемелер» тақырыбында семинар өтті.

Семинар орыс тілінде білім беретін мектептердегі «қазақ тілі» пәнінің мұғалімдеріне арналды. Оған «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегерлері, «Назарбаев орталығының» қызметкерлері, сондай-ақ Астана қаласы мектептерінің орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер қатысты. Шара барысында биология ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер, «Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Тасыбеков баяндама жасап, қазақ тілін үйренушілерге арналған оқулықтардың басты кемшілігі ретінде олардағы мысалдардың, диалогтардың өмірден алынбай, ойдан шығарылатындығын сынға алды. «Бұл жағдайда мәтіндер мен диалогтар өмірден алынса жақсы болар еді», - деп атап өтті ол. Сонымен қатар, семинарда С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Шынар Құрманбаева «Қазақ тілінің ахуалдық оқыту әдістемесі» тақырыбында баяндама жасап, тілді қарым-қатынас барысында үйретудің ұтымдылығына тоқталды. Естеріңізге сала кетейік, аталған семинар ертең, яғни 7 қарашада еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ тілінің дамуына елеулі үлес қосып, еңбек етіп жүрген жандарға «Тіл жанашыры» құрмет белгісін беру салтанаты аясында өткізіліп отыр.