Астанада «Отан деп соғар жүрегім» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті
Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, елге, жерге деген сүйіспеншілікті насихаттаған жыр мүшәйрасын ұйымдастырушы - университеттің «Жас түлек» ақындар клубы.
Клуб жетекшісі, техникалық факультеттің 3-ші курс студенті Қуаныш Дүйсенқұловтың айтуынша, жалпы байқауға қатысуға жиырмадан астам талапкер ниет еткен. Бірінші іріктеу сынағынан кейін ақтық додаға 11 ақын жолдама алды. Мүшәйраға жүректерінен жыр қашап, сөз өнерін семсер қылған жалынды студенттермен қатар, оқу орнының оқытушылар да қатысты. Жас ақындар Отан, туған жер және өзге де патриоттық тақырыптарда жазылған өлеңдерін көпшілікке ұсынды.
«ҚазАТУ-дағы жыр жауқазындарынан ауылдың әдемі иісі мен қазақылық стиль байқалады, табиғи тұнбасын сақтап қалған», - дейді қазылар алқасының төрайымы, республикалық «Тұмар» әдеби-көркем журналы бас редакторының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Оңайгүл Тұржан.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені техникалық факультеттің 1-ші курс студенті Айдын Байысов иеленсе, бірінші орынға агрономия факультетінің студенті Нұрбала Алдамжарова табан тіреді. Екінші және үшінші орындарды Қуатбек Қоманұлы және Әйгерім Құрметхан сәйкесінше иеленді. ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған жыр мүшәйрасының жеңімпаздарына Елбасының Жарлығымен әдебиет саласында Мемлекеттік сыйлықты иеленген Сәбит Досановтың кітаптары мен ақшалай сыйлықтар тарту етілді.