Астанада «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою салтанаты өтті (ФОТО, ВИДЕО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 мамыр Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған мерекелік шаралар елімізде кең көлемде аталып өтуде.
Бүгін Астанада «Отан қорғаушылар» монументіне Даңқ гүл шоқтарын қоюдың салтанатты шарасы болып өтті. Салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов және басқа да мемлекеттік орган басшылары, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері қатысты.
Шараға сонымен қатар, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандықтарды еске алу үшін Астана тұрғындары, елорда қонақтары да қатысты. Олардың арасында құрметті қонақ ретінде Ұлы Отан соғысының 45 ардагері де болды. Айта кетерлігі, жыл өткен сайын елімізде соғысқа қатысқан, тыл еңбегімен Жеңісті жақындатқан ардагерлер қатары азайып барады. Сондықтан да, қалың жұртшылық, әсіресе жастар қаһарман ардагерлердің деніне саулық тілеп, олардың ерлігіне тәнті екенін жеткізді.
Астанадағы «Отан қорғаушылар» ескерткіші жанындағы салтанатты шара барысында халық Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, ерлікпен елін қорғаған ерендерді бір минут еске алды.
Айта кетерлігі, ҰОС Жеңісінің 71-жылдығын мерекелеу қарсаңында жергілікті атқарушы органдар ардагерлерді қолдау, оларға құрмет көрсету шараларының ауқымды жоспарын іске асыруда. 2016 жылға арналған жергілікті бюджетте ардагерлерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін 2,6 млрд. теңге қарастырылған.
Айта кетерлігі, Астанада дәл қазір Тәуелсіздік даңғылының бойындағы «Astana Mall» СОО жанында Жеңіс күніне арналған «Мәңгілік полк» шеруі басталды. Іс-шара соңында қатысушылар Отан қорғаушы алаңында гүл шоқтарын қояды. Сонымен қатар, бүгін «Астана Опера» театрында «Көк орамал» мерекелік концерті өтетіні жоспарланған. Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары сондай-ақ сағат 18:00-де «Астана Опера» театрының үлкен залында Арам Хачатуряннің «Спартак» атты балетін тамашалай алады.