Астанада отандық киберқауіпсіздік шешімдерінің республикалық көрмесі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM- 2026 жылғы 24 желтоқсанда Астанадағы alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында отандық киберқауіпсіздік шешімдерінің республикалық көрмесі – Qazaq CyberKórme 2026 өтеді.

персональные данные кибербезопасность
Фото: reporter.kg

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бағдарламада қазақстандық әзірлемелер көрмесі, панельдік сессиялар, стартаптардың таныстырылымы және Securithon хакатоны қамтылған.

Іс-шараға қазақстандық IT-компаниялар мен киберқауіпсіздік саласындағы шешімдерді әзірлеушілер, стартаптар, зерттеу топтары, студенттер мен жас мамандар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері шақырылады. Әзірлеме авторлары өз өнімдері мен зерттеу нәтижелерін әлеуетті тапсырыс берушілер мен серіктестерге таныстырып, пилоттық енгізу және одан әрі ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылай алады.

Көрмеде бес бағыт бойынша әзірлемелер ұсынылады: мемлекет пен азаматтарды қорғау, инфрақұрылым мен бұлтты сервистер қауіпсіздігі, жасанды интеллект және мониторинг, өнеркәсіп пен байланысты қорғау, криптография және цифрлық тергеулер.

Стартаптар мен ғылыми топтар үшін арнайы стартап-питч форматы қарастырылған. Сараптамалық комиссияға негізделген идеядан бастап дайын шешімге дейінгі әртүрлі дайындық кезеңіндегі жобаларды ұсынуға болады. Өтінім беру үшін компанияны тіркеу, сатылымдардың немесе патенттің болуы міндетті емес.

Панельдік сессияларда сарапшылар отандық шешімдерге деген сенім, киберқауіпсіздікте жасанды интеллектіні қолдану және деректерді қорғаудағы мемлекет, бизнес пен азаматтардың жауапкершілігі мәселелерін талқылайды.

Сонымен қатар «Зияткерлік киберқорғаныс: инфрақұрылымнан ЖИ-агенттерге дейін» тақырыбында Securithon хакатоны өтеді. Қатысушылар жұмыс істейтін прототиптер әзірлеп, оларды қазылар алқасының алдында қорғауы тиіс.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті, «Мемлекеттік техникалық қызмет», Цифрлық үкіметті қолдау орталығы және Astana Hub ұйымдастырады.

Іс-шара 2026 жылғы 24 желтоқсанда Астана қаласындағы alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында сағат 09:45-тен 18:00-ге дейін өтеді. Қатысушыларды тіркеу сағат 09:00-де басталады.

Осыған дейін елімізде киберқауіпсіздік мамандарына арналған гранттар артатыны туралы жаздық.