Астанада отандық ғылымның бүгінгі жағдайы мен оны дамытудағы проблемалар тақыланды
АСТАНА. Қазанның 9-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы «Іскер» бизнес орталығында «Қазақстан Республикасындағы ғылымның дамуы» тақырыбында конференция өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған конференцияға отандық ғылымның бүгінгі жай-күйі, оны дамытудың жолдары мен болашағы жайында өз пікірлерін ортаға салу үшін, мемлекеттік органдардың өкілдері, елордадағы жоғары оқу орындарының басшылары, профессорлық-оқытушылық құрам, ғалымдар, ізденушілер және үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
«Өткен қыркүйектің 4-і күні ғылымды дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Елбасы Н.Назарбаев индустриялық-инновациялық қарқынды даму бағдарламасы басталысымен, ғылымды дамыту басымдықты мәселеге айналғанын атап өтті. Сондай-ақ ол ғылым саласының алдына бірқатар қағидатты міндеттерді қойып, Қазақстан экономикасы үшін ұлттық инновациялық жүйе қажеттігін қадап айтты», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті дамытуды болжау басқармасының бастығы Светлана Ысмағұлова өз сөзінде.
С.Ысмағұлованың айтуынша, отандық ғылым саласында бірқатар кемшіліктер мен проблемалардың болуына қарамастан, мемлекеттің ұдайы қолдауының арқасында бұл салада біршама ілгерілеушіліктер бар. Мәселен, бүгінгі күні 2012 жылға дейінгі Қазақстанда ғылымды дамыту бағдарламасы қабылданып, іске асырылып жатыр. Сондай-ақ 5 ұлттық зертхана, 6 ғылыми-білім беру консорциумы және жоғары оқу орындардың жанынан 15 инженерлік зертхана құрылып, жұмыс істеуде.