Астанада отандық мұнай-газ компанияларының корпоративтік коммуникацияларын дамыту тақырыбы көтерілді

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада «Самұрық-Қазына» корпоративті университетінің ұйымдастыруымен Қазақстандағы мұнай-газ компанияларының корпоративтік коммуникацияларында веб-кеңістікті қолдану тақырыбында дөңгелек үстел жұмысы өтті,

Астанада отандық мұнай-газ компанияларының корпоративтік коммуникацияларын дамыту тақырыбы көтерілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат

Жиында қазақстандық «ҚазМұнайГаз» компаниясы және «Шелл» концернінің өкілдері корпоративті веб-сайттарды дамытудың бірлескен жобаларын құру, жаңа технологияларды қолдану, ақпараттық желілер саласындағы соңғы үдерістер мен тәжірибедегі табысты жобаларды сөз етті.

Дөңгелек үстелге шақырылған арнайы қонақ, «Шелл» компаниясының веб коммуникациялар жөніндегі вице-президенті Саймон Сэвилл, интернетте ақпараттарды жариялаудың негізгі талаптарына, сайт мазмұнына қатысты ұсыныстар мен веб-коммуникациялар саласындағы заманауи технологиялар жайында әңгімелеп берді. Оның айтуынша, компания жұмысында корпоративтік қатынасты интернет кеңістік арқылы үйлестірудің негізгі басымдығы - ашықтық, жариялылық. Компанияның ашықтығы, кез келген уақытта байланыс құруға дайын екендігін көрсету - оның беделіне оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар компания туралы жағымды ойларды қалыптастырып, мүддесіне қызмет жасайтын болады.

«Екінші жағынан веб-коммуникациялық технологиялар компанияның корпоративтік басқаруын тиімді жүргізуге арналған платформа. Инвесторлармен, жеткізушілермен, тасымалдаушылар мен мердігерлермен,тұтынушылармен және қоғаммен болатын іскерлік қарым-қатынасты жылдам әрі ыңғайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді», дейді С. Сэвилл.

Қазақстандағы мұнай-газ компаниялары өздерінің корпоративтік коммуникациялар саласында веб-кеңістікті қолдану тәжірибесін баяғыда қолға алған. Мәселен, Қазақстанның 22 бұқаралық компаниялары арасында шетелдік Standart & Poor's орталығы ақпараттық ашықтық деңгейіне зерттеулер жүргізген. Ол бойынша «ҚазМұнайГаз» барлау, өндіру» АҚ-ы компаниясы ең жариялы, ең ашық деп танылды. Зерттеуде аталып көрсетілгеніндей, компанияның алдыңғы қатарға шығуына әсер еткен жайттардың бірі - компания сайтында инвесторларға арналған күнтізбелердің бекітілуі, нарық қатысушыларына өте маңызды уақыттар мен мерзімдердің көрсетілуі және акционерлердің жалпы отырысы материалдарын жариялауы болған. Ал KASE қазақстандық қор биржасы 2009 жылы «ҚазМұнайГаз» барлау, өндіру» АҚ-ына «Ашықтыққа деген талпынысы үшін» дипломын табыс еткен. Компания бағалы қағаздар нарығында іскерлікті қалай жүргізу керектігін жақсы көрсеткен листингілік ұжым деп саналды.

«Самұрық-Қазына» корпоративті университеті 2009 жылы Қазақстанның алты ірі мұнай компанияларының «Қызметшілерді дамыту бірыңғай орталығының» базасында құрылған болатын.