Астанада «Отбасы, мектеп, қоғам - игілікті болашақ үшін бірге!» республикалық педагогикалық форум өз жұмысын бастады
АСТАНА. 25 тамыз. ҚазАқпарат /Мұрат Жәкеев/ - Осы сағаттарда Астанада «Отбасы, мектеп, қоғам - игілікті болашақ үшін бірге!» республикалық педагогикалық форумы өтіп жатыр.
Жалпы отырысты ашқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев форумға қатысушылар атынан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атынан құттықтауды оқып беріп, қазіргі ұстаздарға жүктелетін міндетті атап өтті.
«Қазақстанды бейбітшілік пен келісім, жақсылық пен гүлдену жолы арқылы алға бастайтын сіздерсіздер», - деді Қ.Саудабаев.
Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы атап өткендей, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Астанада педагогикалық форумның өткізілуі - еліміздегі мұғалімдердің орны мен беделін тағы бір мәрте айшықтай түседі.
Форум жұмысына сондай-ақ Қазақстан облыстарынан келген делегаттар, мемлекеттік және мемлекеттік емес білім беру орындарының жетекшілері, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, ата-аналар қатысуда. Сондай-ақ іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің қызметкерлері мен Парламент депутаттары, министрліктер мен ведомство басшылары шақырылған.
ҚР Білім және ғылым министрі Бақыжан Жұмағұлов негізгі баяндама жасады.
Форум аясында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Аймақтар. Инновация, Бәсекеге қабілетті білім» атты көрме өтуде.