Астанада отбасылық спорттық фестиваль өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана күні аясында «Арай» саябағында бүкіл отбасыға арналған «Әке, ана, мен - спорттық отбасы!» спорттық шарасы ұйымдастырылады, astana.gov.kz.

Астанада отбасылық спорттық фестиваль өтеді

Отбасылық фестиваль 4, 5 және 6 шілде күндері өтеді, оған қазақстандық спорт жұлдыздары, балалар спорт мектептерінің оқушылары, сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары өз отбасыларымен қатысады.

Фестиваль футбол мен спорттық викториналармен басталады. Шара аясында «Әке, ана, мен - спорттық отбасы!» жарысы өткізіліп, ата-аналар мен балалар өзара бәсекеге түседі. Фестиваль кезінде спорттық клубтар мен футбол мектебінің таныстырылымы және шеберлік сағаттары, балаларға арналған өнер сайыстары, викториналар, балалар шығармашылығы сайыстары ұйымдастырылады.

Мереке күндері саябақ бірнеше аумаққа бөлінеді: биден шеберлік сағаттары өткізілетін аумақ; күш рекордтарын орнату аумағы; бас сахна; шеберлер ауылы; Астана қаласының Футбол федерациясы жанындағы балалар футбол орталығы; көше субмәдениеттері аумағы; асық және тоғызқұмалақ ойнайтын аумақ; классик ойыны және секіріп ойнау алаңы; сондай-ақ БАҚ-қа арналған аумақ.

Шара кезінде саябақ аумағында балаларға арналған батут, аквариум, аниматорлар және сиқыршылар жұмыс істейтін болады.