Астанада өтемақы төлеп, жер телімдерін мемлекет қажетіне қайтару шаралары көбейген - Астана соты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, Астана қаласы бойынша жер телімдерін мемлекет қажеттіліктері үшін қайтарып алу шаралары жыл сайын көбейіп келеді.

Астанада өтемақы төлеп, жер телімдерін мемлекет қажетіне қайтару шаралары көбейген - Астана соты

Бұл туралы бүгін Астана қалалық сотында өткен «Жер телімдерін мемлекет қажетіне қайтару кезінде өтемақы мөлшерін белгілеу мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында Астана қалалық сотының судьясы Қарлығаш Таткеева айтты.

Оның мәліметінше, 2012 жылы осы санаттағы іс 295 болса, 2013 жылғы бұл көрсеткіш 524-ке жеткен. Ал 2014 жылдың қаңтарында Астана қаласының соттарына осы орайдағы 40-тан астам іс келіп түскен.

«Астана жыл сайын қарқынды дамып келеді. Ай сайын жаңа нысандар пайда болуда. Сонымен қатар, ескі ғимараттар қолданысқа жарамсыз болып қалуда. Сондықтан да жер телімдерін өтемақысын төлей отырып, мемлекет қажеттіліктеріне қайтарып алу шаралары жылдан жылға көбейіп келеді», - деп атап өтті Қ. Таткеева.