Астанада өтетін дзюдодан әлем біріншілігіне 120 елдің спортшылары қатысады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 24-30 тамыз аралығында Астана қаласында дзюдо күресінен әлем біріншілігі өткізіледі. Оған 120 мемлекеттен 700-ге тарта спортшы қатысады деп күтілуде.
8-9 сәуір аралығында елордаға Халықаралық дзюдо федерациясының Президенттік кеңсе директоры Лариса Кисс бастаған комиссия келіп кетті. Комиссия ең алдымен «Алау» мұзайдын сарайында болды, мұнан соң әлем біріншілігіне қатысты басқа да нысандарды аралады.
Сонымен қатар «Дзюдо федерациясы» қоғамдық бірлестігі мен «KAZTICKET» ЖШС арасында билеттерді сату жөнінде келісім шартқа қол қойылды. Билеттерді сату kazticket.kz және www.worldjudo2015.kz сайттары арқылы жүргізіледі.
Қазіргі таңда «KAZTICKET» ЖШС-нің Астана қаласында, Конгресс-холлда, «Қазақстан» орталық концерт залында, М.Горький атындағы театрда билет сататын агенттері бар және «Туран-18» бизнес орталығында жеке кассасы жұмsс істейді.
Сонымен қатар 13-15 мамыр аралығында Кувейтте ересектер арасында Азия біріншілігі өткізіледі, оған дзюдо күресінен қазақ құрамасының бірінші нөмірлі спортшылары қатысады, деп хабарлайды «Дзюдо федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметінен.