Астанада өтетін футболдан Қазақстан суперкубогының жанкүйерлері үшін арнайы автобустар жолға шығарылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан футбол федерациясы мен Астана қаласы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан суперкубогы үшін арнайы автобустардың қозғалыс кестесін әзірледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Жанкүйерлердің «Астана Арена» спорт кешеніне баруын ыңғайлы ету үшін қосымша экспресс-шаттл іске қосылды. Автобустар елордалық цирк автотұрағында 1 наурыз күні сағат 13:00-14:30 аралығында тұрады. Сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі 1 наурызда 13:00-14:30 аралығында «Қазақстан» спорт кешенінен және «Жастар» сарайынан «Астана Арена» стадионына дейін екі автобус бағдарын ұйымдастырады. Еске сала кетейік, 1 наурызда сағат 15:30-де «Астана Арена» спорт кешенінің алаңында ел чемпионы «Астана» мен Қазақстан кубогының иегері алматылық «Қайрат» командалары Қазақстан суперкубогын сарапқа салады. «Суперкубок» өтпелі жүлде болып табылады, қазіргі кезде оны қарағандылық «Шахтер» командасынан 1:0 есебімен басым түскен «Ақтөбе» ФК иеленіп отыр. Кубок алғаш рет 1995 жылы өткен болатын, оған 1994 жылғы чемпионат пен Кубок жеңімпаздары - семейлік «Елім-ай» және Өскемен қаласының «Восток» командалары қатысқан. Сол кезде «Елім-ай» қарсыласының қақпасына екі жауапсыз гол соққан еді. Содан кейін ұзақ уақыт бойы Суперкубок ойнатылмады. Қол жеткізген кубоктар саны бойынша «Ақтөбе» ФК рекорд орнатты. Команда Қазақстанның үш суперкубогын еншілеген (2008, 2009, 2010).