Астанада өтетін Халықаралық өнер форумына Мемлекет басшысы Н. Назарбаев бас қонақ ретінде қатысады

АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - Наурыздың 5-і мен 16-сы аралығында Астанада Халықаралық өнер форумы өз жұмысын бастайды. Бас қонағы Елбасы Н. Назарбаев болатын шара негізінен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің құрылғанына 15 жыл толуына арналады. Бүгін аталған мәдени шараға байланысты Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор, Қазақстан Республикасының халық әртісі Айман Мұсақожаева алдағы мерейтойдың мәдени-бағдарламасымен баспасөз мәслихатында бөлісті.

Астанада өтетін Халықаралық өнер форумына Мемлекет басшысы Н. Назарбаев бас қонақ ретінде қатысады

Айман Мұсақожаеваның айтуынша, елімізде ғана емес, еуразиялық білім кеңістігінде бірегейлігімен танылып отырған Қазақ ұлттық өнер университетінің құрылғанына дәл наурыз айында 15 жыл толады. Бүгінгі күні өнер университетінің 6 факультетінде Қазақстанның бүткіл мәдениеті тоғысып, өнер ордасында классикалық музыкамен қатар, халық шығармашылығы, режиссерлік өнер мен хореография, кино мен дизайн мамандықтары бойынша студенттер білім алуда. Университет оқытушылары бүгінгі таңда ең сұранысқа ие болып саналатын «арт-менеджер» мен «кино және телеарна операторы» секілді мамандықтарды қоса алғанда шәкірттерді 20-дан астам бағытта біліммен сусындатады.

Осындай өнер ордасының шаңырақ көтергеніне 15 жыл толуына орай Астанада 5-16 наурыз аралығында Халықаралық өнер форумы ұйымдастырылмақ. «Форум бағдарламасына келсек, оның ең шарықтау тұсы біздің есеп беру концертімізбен айшықталады әрі бұл шараның бас қонағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы болмақ. Бұл да кездейсоқтықтан туындаған дүние емес. Өйткені, елордада бой көтерген бірегей сәулет нысандары секілді Қазақ ұлттық өнер университетін ашу идеясының авторы да Н. Назарбаев екенін барша жұрт біледі. Мерейтойлық концерт «Қазақстан» концерт залында 6 наурызда өтеді деп жоспарланған. Бұдан кейін, ондағы бағдарлама Милан мен Туриннің, Вашингтон мен Париждың, Токио мен Лос-Анджелестің алдыңғы қатарлы концерт залдарына шығатын болады», - дейді А. Мұсақожаева.

Бұдан бөлек, форумның құрметті қонақтары арасында Монако ханшайымы Каролин Мюрат, Граф Петр Шереметев, Полад Бюлбюль Оглы, Михаил Швыдкой, Анна Сафонова секілді танымал тұлғалар да шақырылған.