Астанада өтетін халықаралық волонтерлер форумына 34 елдің делегаты келеді
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын өткізу жөніндегі БҰҰ-ның 75-сессиясында айтылған бастамасы аясында елімізде жыл сайын халықаралық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан. Былтыр Орталық Азия волонтерлерінің форумы өтсе, биыл 20-21 маусымда Астанада Халықаралық волонтерлер форумын өткізу жоспарлануда», - деді Данияр Қадыров Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Форумның негізгі мақсаты – волонтерлер қозғалысын дамыту және қолдау саласындағы қазақстандық тәжірибені таныстырып, халықаралық аренада елдің оң имиджін қалыптастыру.
Форумға дайындық жұмыстары Қазақстандағы БҰҰ-ның Еріктілер бағдарламасының өкілдігі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығы, «Ұлттық волонтерлік желісі» және басқа да волонтерлік және халықаралық ұйымдармен әріптестік қарым-қатынаста жүргізілуде.
«Бұл жиын 34 шет елдің және Қазақстанның барлық өңірлерінің делегаттарының қатысуымен өтетін волонтерлік саладағы ірі халықаралық шара болады. Оған 400-ге жуық адамның қатысуы жоспарлануда, оның 140-қа жуығы шетелдік қатысушылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері», - деді Д. Қадыров.
Форумға қатысуға қызығушылық танытқандардың көптігіне және волонтерлердің ұсынысына орай, өңірлік қатысушы-волонтерлерді іріктеу конкурсы өткен. Осылайша 80 волонтер өңірлік делегаттар болып белгіленді.
Волонтерлер форумының слоганы, хэштэгі мен логотипі ретінде «Ізгілік тегі» символы бекітілген. Бұл жынысына, жасына, ұлтына және басқа да ерекшеліктеріне қарамайтын, барлық адамдарға тән «Ізгілік тегі». Форумның ұраны «Тектегі ізгілікті оят!» деп аталады.
Сонымен бірге, форум аясында елордада Халықаралық волонтерлік орталық ашылады. Бүгіннен бастап Зерендіде волонтерлер, волонтерлік ұйымдардың жетекшілері мен өңірлік фронт-офистердің мамандарының қатысуымен «Волонтерлердің жазғы мектебі» өз жұмысын бастады.