Астанада өтетін конференцияда діни төзімділік мәселесі талқыланады
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында дінаралық келісім мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы орайда шілденің 29-30-ы күндері Астана қаласында өтетін толеранттылық пен дискриминацияға қарсы конференцияның маңызы зор.
Бұл туралы бүгін «Еуразия аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясындағы Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы» атты халықаралық ғылыми конференцияда ҚР Сыртқы істер министрлігінің ЕҚЫҰ департаменті Әскери-саяси басқармасының бірінші хатшысы Серік Мырзахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, конференция барысында діни төзімділік, оның ішінде мұсылмандар, христиандар мен басқа да дін өкілдерінің құқықтарын шектеу мәселесі, сондай-ақ діни шыдамдылықты күшейту жолында ақпараттық және гендерлік сауаттылықты дамыту проблемасы қаралады.
«Бүінгі таңда аталған іс-шараның күн тәртібін бекіту бойынша ұйымға мүше елдермен келіссөздер жүргізілуде. Конференцияға дін мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады», - дейді С.Мырзахметов.