Астанада өткен «Astana Piano Passion» Халықаралық жас пианистер байқауының жеңімпаздары белгілі болды
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында 10-16 мамыр аралығында І Халықаралық классикалық музыка фестивалі аясында өткен "Astana Piano Passion" Халықаралық жас пианистер байқауының қорытындылары шығарылып, «Қазақстан» ОКЗ-да гала-концерті болды.
«Қазір көп адамдар әлемдегі ең маңызды құндылықтардың бірі - мәдениет екенін түсіне бермейді. Ал біздің Қазақстанда осындай шараны ұйымдастырып, өткізуіміз - үлкен жетістік. Енді бізде фортепиано музыкасын күллі әлемге паш ететін жаңа команда бар. Бір мақтанарлығы, бұл команда Астанада құрылды!», - деп атап өтті Ресейдің халық әртісі, қазылар алқасының төрағасы Денис Мацуев.
Қатысушылардың өнерлерін беделді халықаралық қазылар алқасы бағалады, олардың құрамында Қазақстан Республикасының, ҚХР, Оңтүстік Кореяның, АҚШ, Еуропаның және Ресейдің өкілдері бар.
Жалпы жүлде қоры - 50 000 АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ, Астана қаласының әкімі атынан, байқаудың көркемдік жетекшісі атынан берілген арнайы жүлделер де болды.
Конкурс нәтижелері қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай 3 топқа жіктелді. Кіші топ бойынша бірінші орынды Варвара Кутузова (Ресей) мен Шуан Эрн Ли (Австралия) еншілесе, орта топ бойынша Юнике Куроки (Жапония) мен Александр Малофеев (Ресей) бірінші орынға табан тіреді. Ал үлкендер тобынан ресейлік Александр Кутузов жеңіске жетті.