Астанада өткен жылы құлаған №6 мектеп-гимназияның орнына жаңа мектеп салынады

АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен жылы Астанада опырылып құлаған №6 мектеп-гимназияның орнына жаңа мектеп тұрғызылады.

Астанада өткен жылы құлаған №6 мектеп-гимназияның орнына жаңа мектеп салынады


Бұл туралы бүгін қалада салынып жатқан тұрғын үй нысандарының құрылысымен танысу барысында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Өткен жылы құлап қалған №6 мектеп-гимназияның ғимараты орнына жаңа мектеп тұрғызылатын болады. Бұл нысанның орнына көп салалы кешен, не болмаса коммерциялық ғимарат тұрғызылады деген теріс пайымдаулар бар. Олай болмайды. Біз жаңа мектептің жобасын әзірлеп те қойдық», - деді қала басшысы.

 И.Тасмағамбетовтың атап көрсеткеніндей, Елбасының Біріккен Араб Әмірлігі басшылығымен жасаған келісімі бойынша мектептің құрылысын араб компаниялары жүзеге асырады. «Олар өз қаражаттары есебіне бірқатар әлеуметтік маңыздағы нысандардың құрылысын жүргізетін болады. Бұл мектеп аталмыш бағдарламаға еніп отыр. Мектеп міндетті түрде салынатын болады, өйткені қалада оқушылық орындардың тапшылығы жоғары», - деді ол.