Астанада өтіп жатқан азаматтық форумда қандай мәселелер талқыланады

азаматтық
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Елордада Қазақстанның XI Азаматтық форумы басталды. Оған 600-ден астам азаматтық белсенді, ҮЕҰ көшбасшылары, қоғамдық кеңес төрағалары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, бизнестің, өңірлік және ұлттық даму институттарының өкілдері жиналды, деп хабарлайды Kazinform. 

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров Азаматтық форумның Қазақстан үшін өте маңызды уақытта – Республика күні қарсаңында өткізіліп жатқанын айтты.

«Мемлекет басшысы азаматтық қоғамды дамытуға баса назар аударады. Біздің еліміздің барлық жетістіктері сіздердің (азаматтық қоғам – ред.) еңбектеріңіз бен үлестеріңіздің арқасында. Сіздер өздеріңіздің өмірлік ұстанымдарыңызбен билік пен халық арасындағы көпірге айналдыңыздар. Сіздер халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асырып келесіздер. Белсенді азаматтық қоғам еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуына ерекше үлес қосады», - деді Данияр Қадыров форумның ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, азаматтық сектор елдегі көптеген өзгерістің бастамашысы болып отыр. 

Азаматтық
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Мемлекет басшысы заң үстемдігін бірінші орынға қояды. Сондықтан сіздер көптеген өзгерістің бастамашысы болғандарыңызды айтқым келеді. Өйткені заң жобалары қоғамдық талқылаудан өтеді. Сіздер бастапқыда-ақ жұмыс тобының мүшесі болып, толықтырулар мен өзгерістер енгізесіздер, содан кейін олар заң жобаларының нормасына айналады», - деп толықтырды вице-министр.

Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева ең алғашқы Азаматтық форум 20 жыл бұрын өткенін еске салды. 

азаматтық
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Қазіргі уақытта біз түбегейлі өзгердік, мықты және кемелденген азаматтық қоғамға айналдық. Бүгін осы залда белсенді өмірлік ұстанымы бар адамдар, қоғам мәселелеріне бейжай қарамайтын жандар отыр. Елдің дамуына, әр отбасының әл-ауқатына үлес қосатындардың барлығына шын жүректен алғыс айтқым келеді. Қазақстанның XI Азаматтық форумының басты айырмашылығы 20 өңірлік форум ұйымдастыру болды. Маған еліміздің 20 өңіріндегі әрбір форумды көру бақыты бұйырды. Олардың әрқайсысы лайықты деңгейде өтті», - деді Бану Нұрғазиева.

Альянс президенті әрбір форумға өңір әкімдері қатысқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл мемлекет пен қоғамның біртұтас болғанын көрсетеді.

Азаматтық форум шеңберінде халықаралық тренерлердің қатысуымен шеберлік сыныптары, әлеуметтік жобалардың көрме-тұсаукесерлері, диалог алаңдары, қайырымдылық саласындағы атақтар, сондай-ақ «Таңдау» республикалық қоғамдық сыйлығы табыс етіледі және әріптестік келісімдер мен меморандумдарға қол қойылады.

Бану Нұрғазиева азаматтық форумның екі жылда бір рет өтетінін айтты. Бүгінгі күннің қорытындысы бойынша форумға қатысушылардың ұсынымын ескере отырып, Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар қабылданады.

Соңғы жаңалықтар