Астанада өзбек мәдениеті мен асханасының көрмесі өтеді

Іс-шара Қазақстандағы Өзбекстан туризмі жылы шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Қолдау көрсетуші - Мәдениет және спорт министрлігі, ал ұйымдастырушы - «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ. Көрме 8 қыркүйек күні сағат 12:00-ден 19:00-ге дейін жалғасады.
Көрме қонақтарына шырайлы Өзбекстанның негізгі асханасы мен Қазақстан халқының ұлттық тағамдары ұсынылады. Атақты бас аспаз дәстүрлі ұлттық тағамды дайындау бойынша шеберлік сағатын көрсетіп, шеберлігінің құпиясын ашады.
Көрмеге келушілер түрлі тағамнан дәм татып, ыстық тандырдан шыққан күрең қалаштан сарқыт алуларына болады. Сонымен қатар, қонақтар назарына концерттік бағдарлама ұсынылады.
Бұдан басқа, шығыс жәрмеңкесі мен «Ас иесімен тәтті» лотереясы ұйымдастырылады. Онда ересектер мен балалар үшін сыйлықтар ойнатылмақ.