Астанада Өзбекстан елшілігі ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Астанада Өзбекстан елшілігінің жаңа ғимараты салынып жатыр. Оның құрылысы аяқталғаннан кейін Өзбекстанның Алматыдағы дипломатиялық миссиясы Астанаға көшіп келеді. Ал сол жақтағы қызмет бас консулдық болып қалады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Газета.uz сайтына сілтеме жасап.
Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловтың айтуынша, бүгінде өзбек азаматтарының құқықтарын қорғау мақсатында Ресейдің Санкт-Петербор, Қазан, Ростовтағы Дон, Екатеринбор мен Владивосток қалаларында консулдық қызметтерді ашу мәселесі пысықталып жатыр. "Біз ұлттық заңнамамызға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, дипломатиялық қызметімізді кеңейтетін боламыз. Бұл - Өзбекстан президенті белгілеген негізгі басымдық. Басты мақсат - өзбек азаматтары қай жерде жүрсе де, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау", - дейді Камилов.
Министрдің сөзіне қарағанда, ел азаматтарының өтініштерін қарау мерзімі де қысқаратын болады. Мәселен, шетелде жүрген Өзбекстан азаматы өз құжаттарын жоғалтса, оның жеке мәліметтерін нақтылауға кететін уақыт 3 айдан 7 күнге дейін азаяды.