Астанада өзендердің деңгейі көтеріліп, бірқатар саяжайларды су басты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа райының күрт жылынуына байланысты, қардың еруі Астана қаласының аумағындағы өзен суларының қалыпты деңгейден асуына алып келді, деп хабарлайды Астана қаласы ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Астанада өзендердің деңгейі көтеріліп, бірқатар саяжайларды су басты

Ведомствоның мәліметі бойынша, наурыздың 31-і күні 13.00 сағатта Сарыарқа ауданы ТЖБ-не жедел кезекшіден Есіл ауданына қарасты Юбилейный саяжайшылар ұйымының саябақтарын Сарыбұлақ өзенінің сулары шайып жатқандығы жайында хабарлама келіп түсті.

«Тексеріс барысында анықталғандай, Сарыбұлақ өзенінің суы Есіл өзенінің ескі аңғары бойынша өткендігі анықталды. Осылайша, Юбилейный саяжай ұйымына қарасты ешкім тұрмайтын бірнеше үйлерді ішінара су алған. Астана қаласы ТЖ департаменті Есіл және Сарыарқа ауданы әкімдіктерімен, қала қызметтерімен бірлесіп Бейсеков көшесінің бойында Сарыбұлақ өзенінен Есіл өзенінің ескі арнасына су өткізу бойынша жұмыстарды атқаруда», - делінген хабарламада.

Сәуірдің 1-і күні су тасқынының алдын алу жұмыстарының барысында Астана қаласы ТЖ департаментінің қызметкерлерімен «Юбилейный» саяжайшылар ұйымындағы 15 адам қауіпсіз жерге шығарылған, олардың 10-ы балалар. Аталмыш жұмыстарға жеке құрамның 40-қа жуық адамы, 8 техника бірлігі жұмылдырылған.

Вишневая көшесінен 3 адам қауіпсіз жерге көшірілсе, олардың 2-і балалар болды. Тополиная көшесінен 1 адам туыстарына жеткізілді.

Ильинка кентінде 4 арнайы сорғымен су тартып алынуда. Судың көлемі азайып келеді, адамдарды көшіру жүзеге асырылған жоқ. Суға батып жатқан үйлер жоқ.