Астанада П.И. Чайковскийдің 175 жылдығына арналған концерт өтеді

П.И. Чайковскийді дүние жүзінде туындылары ең көп орындалатын классик деп атайды. Ол - 80-нен астам шығарманың авторы, оның ішінде он опера және үш балет бар. Әйгілі композитордың музыкасын әлемнің барлық оркестрлары орындайды, ал оның симфониялары жер бетіндегі үздік концерттік залдардың репертуарын көркейтеді. Барлық жас пианиношылар оның балаларға арналған пьесаларын орындаумен өсіп келеді. Оның жарыққа әкелген романстарын түрлі ұлттың әншілері орындайды. Петр Ильяұлы өз заманындағы жанрлардың барлығын қамтып, солардың әрқайсысында төлтума дүниеге әкелген.
«Астана Опера» театры бұл маңызды датаны назардан тыс қалдырған жоқ. Музыка ғұмырындағы айрықша оқиғаны өнер ордасы орасан зор концертпен атап өтеді. Бірінші бөлімде композитордың ең танымал операларынан ариялар, дуэттер мен үзінділер шырқалады, олар - «Евгений Онегин», «Қарғаның мәткесі», «Иоланта», т.б. Орындайтын солисттер: Барсег Туманян, Дина Хамзина, Айгүл Ниязова, Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев, Байғали Момбеков, Жан Тәпин, Жәмиля Жарқымбаева, Бибігүл Жанұзақ, Талғат Ғалеев, Бейімбет Таңарықов, Салтанат Мұратбекова, Гүлжанат Сапақова, Татьяна Вицинская, Елена Ганжа, Нарұл Тойкенов, Болат Есімханов, Ескендір Әбжанов. Сонымен қатар бірінші бөлімде елордалық театр хорының солисттері өнер көрсетеді.
- Көзі тірісінде П.И. Чайковский музыкам кең таралса, халық одан жанына жұбаныш, көңіліне медеу тапса екен деп армандайтын. Оның арманы орындалды деп ойлаймын, неге десеңіз, оның музыкасы адамға дәл сол демеу сезімін, сондай-ақ сенім мен үміт береді. Біз барлық тыңдарманды музыка өнерінің ең үздік жауһарларынан ләззат алуға концертімізге шақырамыз, - деп атап өтті музыкатанушы Маржан Жәкенова.
Ұлы композитор 1891 жылы Карнеги Холды (Carnegie Hall) ашқан дирижерлардың бірі болғанын айта кетейік.
Екінші бөлімде театр оркестрі симфониялық музыканың үздігі - № 6 симфониясын орындайды. Бұл композитордың «ең жақсысы әрі ең шынайы туынды» деп атаған соңғы симфониясы. Оның тұсауын кескенде автор өзі дирижерлік еткен. Содан тоғыз күннен кейін П.И. Чайковский өмірден озған. Келесі жолы симфония композитордың өзіне арналған концертте орындалып, орасан зор табысқа жетті де, содан бері дүние жүзі бойынша салтанат құрып келеді.