Астанада «Париж Құдай Ана соборы» балетінің көрсетілімі басталды

АСТАНА. KAZINFORM - «Астана Опера» театрында француз хореографы Ролан Петидің «Париж Құдай Ана соборы» балетінің көрсетілімдері басталды. «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалінің бағдарламасына енген бұл спектакль 19-21 маусым аралығында өтеді.

п
Фото: Әділ Саптаев

Виктор Гюгоның атақты романының желісімен қойылған туынды театрдың жетекші солистері мен жас әртістердің басын сахнада қайта қосты. Театр әкімшілігі атап өткендей, балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова жаңа буын орындаушыларын ХХ ғасырдың ең күрделі балеттерін орындауда қолдап келеді.

Бүгін, 19 маусымда, Клод Фролло партиясында Ислам Қайыпбай алғаш рет өнер көрсетеді. Әртіс борыш, иман мен құштарлық арасындағы ішкі қайшылықтардан жаны күйзелген архидьякон рөлін алғаш рет орындады. Эсмеральда бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева сомдайды, Квазимодоны Серік Нақысбеков, ал Феб партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев орындайды.

- Фролло партиясына дайындық - бұл, ең алдымен, кейіпкер бейнесімен терең жұмыс істеу деген сөз. Мен үшін кейіпкердің ішкі арпалысын пластика, қозғалыс драматургиясы және актерлік шеберлік арқылы көрсету маңызды. Көрермен оны тек жауыз кейіпкер емес, ішкі жан дүниесі бар тірі адам ретінде көргенін қалаймын, - деп атап өтті Ислам Қайыпбай.

20 маусымда Феб рөлінде алғаш рет Әмір Хван өнер көрсетеді. Сонымен қатар бұл күні сахнаға Шұғыла Әдепхан, Ғалымжан Нұрмұхамет және Айбар Тоқтар шығады.

Көрсетілімдер сериясы 21 маусымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан Квазимодо партиясын орындайтын спектакльмен аяқталады.

Сондай-ақ осы кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева (Эсмеральда), Арман Оразов (Фролло) және Диас Құрманғазы (Феб) өнер көрсетеді.

«Париж Құдай-Ана соборы» балетін Ролан Пети 1965 жылы Париж операсы үшін шығарған болатын. Қойылымның музыкасын Морис Жарр жазса, сценографиясын Рене Аллио жасап, костюмдерін аңызға айналған кутюрье Ив Сен-Лоран дайындаған.

Спектакль «Астана Опера» репертуарында 2016 жылдан бері жүріп келеді және театрдың ең танымал балеттерінің бірі болып қала береді.

Айта кетейік, бұған дейін, Қазақстанда театрларға деген қызығушылықтың артып келе жатқаны белгілі болған еді.