Астанада «Париждік богема» операсының премьерасы өтеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Джакомо Пуччинидің ең атақты операларының бірі - «Богема» - 19 және 20 сәуір күндері «Астана Опера» сахнасында қойылады. Қазақстандық-италиялық қойылым тобы спектакльдің нағыз сенсация болатынына уәде беруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана Опера» театрының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, премьера Жастар жылы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.
Афишада тек әйгілі есімдер ұсынылған: қоюшы дирижер - Джузеппе Акуавива, қоюшы режиссер - Андреа Бернард, қоюшы сценограф - Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші - «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, проекциялар бойынша дизайнер - Серджио Металли, бас хормейстер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
Операның сюжетін композитор танымал француз жазушысы Анри Мюрженің «Богема өмірінен көріністер» шығармасынан алған. «Богеманың» музыкасын Дж.Пуччини сегіз айдың ішінде жазған. Премьерасы 1896 жылдың 1 ақпанында Туринде 28 жастағы Артуро Тосканинидің дирижерлік етуімен өтті. Кейін «Богема» барша әлем сахналарын жаулап алды.
«Богема» - лирикалық опера, театрларда жиі орындалатын туындылардың бірі. Осынау спектакльге мен бар ынтамды салдым. Театрымыз үшін сәтті жоба болады деген сенімдемін», - деді қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио (Италия).
Көрермен назарына операның жаңа сахналық редакциясы ұсынылады. Соңғы озық әрі заманауи театрлық технологиялардың арқасында операны сахнаның техникалық мүмкіндіктеріне бейімдеп, қойылым тобының ең батыл шешімдері жүзеге асырылмақ.
«Мен «Богема» спектаклін алғаш рет қоямын және бұл Дж.Пуччинидің туындыларын сахналаудағы тырнақалды жұмысым. Сондықтан осы тамаша операны өзімнің жеке түсінігім арқылы іске асыруға тырысатын боламын. Музыканы тыңдап, либреттоны оқыған кезімде ойыма идеялар келеді. Кейіпкерлердің мінез-құлқын сахнада жақсырақ көрсету үшін әрдайым олардың психологиясын түсінуге тырысамын. Көрермендерді қызықтыра алатын поэтикалық бейнелер мен оқиғалар жасауға тырысып бағамын», - деп бөлісті қоюшы режиссер Андреа Бернард.
Премьера «Астана Опера» жетекші солистерінің, елордалық театрдың Симфониялық оркестрі және хорының қатысуымен өтеді.