Астанада паркинсон дертімен ауыратын науқастарға кеңес беретін мектеп ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасында паркинсон дертіне шалдыққан пациенттерге арналған мектеп ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада паркинсон дертімен ауыратын науқастарға кеңес беретін мектеп ашылды

Арнайы жасақталған мектеп жұмысы барысында науқастарға паркинсон ауруын емдеу және оңалту жолдары, өмір салты, тамақтану, диетаны ұйымдастыру мәселелері туралы ақпарат беріледі.

«Паркинсон мектебі пациенттеріміздің өтініші бойынша ұйымдастырылды. Біздің міндетіміз – пациенттер мен отбасы мүшелерін емнің қыр-сырымен таныстыру. Мамандар оларға дәрі-дәрмектердің әсері туралы, оларды қабылдау ерекшеліктері туралы ақпарат бере отырып, салауатты өмір салты негіздеріне, асқыну, өршудің алдын алуға үйретеді», - деді ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының неврологы Раушан Таутанова.

Аталған медициналық орталықтың мамандары жыл сайын 100-ге жуық адамға қозғалыс бұзылыстары бойынша консультация беріп, ем-дом көрсетеді. Олардың көпшілігі дертіне ота арқылы дауа табады. Ұйымдастырушылар дерегінше, паркинсон мектебінің жұмысы тұрақты іс-шараға айналмақ.