Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.
Күн тәртібіне сәйкес, сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясына қорытынды жасалады.
Палата отырысына депутаттық корпустан бөлек, ҚР Премьер-Министрі бастаған Үкімет мүшелері қатысып жатыр. Сонымен қатар, ҚР Конституциялық соты мен ҚР Жоғарғы сотының төрағалары, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бар.
Еске салсақ, осы аптада Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 28 маусымда парламенттік сессия жұмысының қорытындысы жасалатынын айтты.
«Бүгін біз Мәжілістің екінші сессиядағы жұмысын аяқтағалы отырмыз. Жалпы, парламенттік сессия жұмысын жұма күні Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қорытындылаймыз. Қазір енді Мәжіліс жұмысының кейбір нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтейін. Өткен сессия мазмұнды әрі нәтижелі болды. Президенттің ауқымды реформалар бағытын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша байыпты да қажырлы іс атқарылды. Осы сессияда біз 39 жалпы отырыс өткізіп, 302 мәселені қарадық», — деді палата төрағасы.