Астанада пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада бірқатар пәтерді тонады деген күдікпен гастролер-ұрылар ұсталды.
Астана қ. ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының 22-23 жастағы тұрғындары. Қылмыстық топтың Астанада оннан астам пәтерді тонағаны әшкереленді. Ұрланған заттарды (алтын бұйымдар, техника, тон, ұялы телефондар) Қарағанды қаласының ломбардтарына өткізген.
Ұстау кезінде күдіктілерден ломбардтардың кепіл билеттері, ноутбуктер, ұялы телефондар, зергерлік және тері бұйымдары, қайқы кілттер тәркіленді.
Сонымен бірге, қала тұрғындарының пәтерлерінде 16-дан астам ұрлық жасаған Қостанай облысының тұрғыны қолға түсті.
Ұсталған барлық күдіктілер Астана қ. ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың ел аумағында жасалған өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.