Астанада пәтер тонаушы қылмыстық топтың мүшелері құрықталды - ІІД
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада пәтер тонаушы қылмыстық топтың мүшелері қолға түсті.
Бұл туралы бүгін тілшілерге қалалық ІІД Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Ағымдағы жылдың 29 наурызында шамамен сағат 16:00-де Астана қаласы ІІД Тергеу басқармасының қызметкерлері біреудің жеке мүлігін ұрлауға әрекет жасаған Астанада уақытша тұратын, Көкшетау қаласында дүниеге келген 25 жастағы азаматты ұстады»,-деді ол.
Жедел-іздестіру шаралары барысында ұсталған адамның 2011 жылдың қаңтар айынан бастап пәтер ұрлықтарын жасап келгендігі анықталды. «Ол 22 мен 33 жас аралығындағы 5 адамнан тұратын топтың 24 жастағы басшысымен алдын ала келісіп жұмыс істеген. Полиция қызметкерлері тонаушыны ұстағаннан кейін, қылмыстық топтың басшысын да құрықтады»,-деп атап көрсетті Н.Ораз.
Қазіргі уақытта топтың қалған мүшелерінің тұрғылықты жерін анықтау және одан кейін оларды ұстау мақсатында жедел-іздестіру шарасы жүргізілуде.
Ұсталған адамдардың тұрғылықты жерлерін тексеру кезінде Астана қаласы аумағында жасалған 5 пәтерден ұрланған заттар табылды.