Астанада пәтер тонаушылар ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шарасының барысында бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар 39 жастағы 2 ер азамат ұсталды. Қазіргі таңда олар уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Астана қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Астанада пәтер тонаушылар ұсталды

«Астана полицейлері қала бойынша жедел-іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізді. Оның барысында пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 39 жастағы екі ер азамат ұсталып, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бүгінде аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп жазылған департаменттің Фейсбук парақшасында.

Криминалдық полиция қызметкерлерінің дерегі бойынша ұсталғандар ұрлықты көбінесе кілтті іріктеу арқылы жасаған деген күдік келтіріліп отыр. Яғни олар есігі тез ашылатын құлып орнатылған пәтерлерді таңдаған. Пәтерде үй иесінің бар-жоғын білу үшін алдымен есіктерін қағып тексерген. Егесі жоқ пәтерлерге кірген қаскөйлер алтын бұйым, ақша және басқа да құнды заттарды ұрлап, кейін оларды ломбардқа өткізіп отырған.

«Ұсталғандар ұрлық жасағандарын теріске шығармайды. Қазіргі уақытта оларға қатысты пәтер ұрлықтарының 6 эпизоды бойынша күдік келтіріліп отыр. Сондай-ақ, полицейлер ұрылардың бұрын соңды жасалған қылмыстарға қатысының бар-жоғын тексеруде», - делінген хабарламада.

Қалалық полиция департаменті аталған тұлғалардың заңсыз әрекеті бойынша қосымша ақпараты бар азаматтарды «Есіл» ауданы Полиция басқармасына 8(7172) 71-65-50, 71-60-69 немесе 102 телефоны бойынша хабарласуын сұрайды.

Сонымен қатар, елордалық полиция департаменті қала тұрғындарын тұрғын үй қауіпсіздігін қатаң ұстап, ұрылардан сақ болуға шақырады.