13:07, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Астанада пәтерді иелену мақсатында оның иесін өлтіргендер ұсталды - ІІД
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астанада пәтерді иелену мақсатында оның иесін өлтіргендер құрықталды. Бұл туралы бүгін елордалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанат Битенов айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қаңтардың 29-ы күні Астана қалалық Ішкі істер департаментіне бір азамат келіп, Кучерова есімді бірге тұрып жатқан азаматшаның із-түзсіз жоғалып кеткендігін айтып, арызданған. Оқиғадан хабардар болған соң департамент қызметкерлері шұғыл іздестіру жұмыстарына кіріседі. Соның нәтижесінде Кучерованың пәтері заңсыз сатылғандығы жөнінде мәлімет анықталады. Сондай-ақ пәтердің саудалануына аталған азаматшаның бұдан бұрын сотталған 35 жастағы жақын бауырының қатысы бар екендігі белгілі болады. Осы арқылы полиция қызметкерлерінің назарына бір колонияда жазасын өтеген қылмыстық топтың өкілдері түседі. Осы топ өкілдері пәтерді иелену мақсатында Кучерованы өлтірген.
Ж. Битеновтың сөзіне қарағанда, тергеу амалдары кезінде жәбірленушінің аталған бауыры үйдің құжаттары мен жеке басының куәлігін ұрлап алып, Кучероваға ұқсас әйелдің көмегімен нотариуста О. есімді адамның атына сенімхат рәсімдегені анықталған. Осы сенімхат арқылы қылмыскерлер пәтерді басқа адамға 26 мың АҚШ долларына сатып жіберген. Кейіннен қылмыскерлер Кучерованы алдап қала сыртына шығарып, өлтірген.
Қазіргі кезде аталған ауыр қылмысқа қатыстылардың барлығы ұсталды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.