Астанада Павлодар мен Жамбыл облыстарының күндері өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қыркүйектің 23-25 күндері ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Жамбыл облысының мәдениет күндері өтеді, деп хабарлайды astana.gov.kz.

Астанада Павлодар мен Жамбыл облыстарының күндері өтеді

«Тарихы терең Тараздан тағзым» шарасы аясында үш күн бойы астаналықтар аймақтың тарихымен, мәдениетімен және негізгі жетістіктерімен танысады.

Бұл күндері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жәрмеңкесі, тарихи өлкетану музейі экспонаттарының көрмесі, филармония әртістерінің қатысуымен мерекелік концерттер өткізіліп, спектакльдер мен қойылымдар қойылады.

23 қыркүйекте сағат 11-00-де қала тұрғындары мен қонақтары М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында С. Маршактың «Кошкин дом» атты балаларға арналған ертегісін, ал, сағат 19-00-де Ш.Айтматовтың повесінің желісі бойынша дайындалған «Пегий пёc, бегущий краем моря» қойылымын тамашалайды. 24 қыркүйекте сағат 18-00-де Ф. Буляковтың «Выходили бабки замуж» атты комедиясы сахналанады.

Бұған қоса сағат 16-00-де Бейбітшілік және келісім сарайында облыс өнерпаздарының «Ұлы дала - ұлысым» атты концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылады.

24 қыркүйекте сағат 18-00-де «Жастар» театрында облыстық қазақ драма театры М. Әуезовтың повесінің желісі бойынша Н. Оразалиннің «Қилы заман» тарихи драмасын, ал 25 қыркүйекте сағат 16-00-де «Еңлік-Кебек» трагедиясын қояды.

24 қыркүйекте сағат 10-00-ден 18-00 аралығында ҚР Ұлттық музейінде Әулие ата жерінің артефактілерін, қолөнершілер мен көркемсурет туындыларын тамашалауға болады.

24-25 қыркүйекте жәрмеңкеге облыстан жалпы құны 300 млн теңгенінің 315 тонна өнімі әкелінеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына сапалы, экологиялық таза және пайдалы өнімнің 30 түрі ұсынылады. Азық-түлік өнімдері базардағы бағадан 8-15 пайыз төмен бағамен сатылады. Жәрмеңке қалалық әкімдік алдындағы алаңда өтеді. «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылады.

Мұнымен қоса, 24-25 қыркүйекте Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары павлодарлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерін сатып алу мүмкіндігіне ие болады. «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының жанында өтетін жәрмеңкеде 100-ден аса кәсіпкер өз тауарын ұсынады. Жәрмеңкеде 90 тонна ет және ет өнімдері, 300 тонна картоп, 140 тонна көкөніс және 150 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері сатылады.

Павлодарлық кәсіпорындар елорда тұрғындарына азық-түлік өнімдерінің мол түрін, ұлттық тағамдар ұсынады. Сондай-ақ, павлодарлық колөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады.
Жиналған қауым облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалайды.