Астанада «Песняры» Беларус мемлекеттік ансамблінің 40 жылдық мерейтойлық концерті өтеді

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қыркүйектің 28-і күні елордадағы «Жастар» мәдениет сарайында «Песняры» Беларус мемлекеттік ансамблінің 40 жылдық мерейтойлық концерті өтеді.

Астанада «Песняры» Беларус мемлекеттік ансамблінің 40 жылдық мерейтойлық концерті өтеді

Бұл өнер ұжымы 1970 жылғы қазанда Мәскеуде өткен IV Бүкілодақтық эстрада әртістері конкурсына қатысып, лауреат атанған. Дәл осы кезде топ  «Песняры» атын иеленеді. Олар бұған дейін «Лявоны» деген атаумен өнер көрсеткен болатын. 

Осыдан кейін-ақ өнер ұжымының мәртебесі өсе бастады. «Мелодия» дыбыс жазу студиясында алғашқы күйтабақтары жазылып, бірінші фильм-концерті түсірілді. Топтың «Тамаша жігіт» фильмі үшін орындаған «Қайың шырыны» әні көпшіліктің сүйіп тыңдайтын өнер туындысына айналды.

Ансамбльдің атағы 70-80-ші жылдары шарықтау шегіне жеткені соншалық, олар эстрадалық  кез келген алаңның   қадірменді қонағына айналды. Ансамбль репартуарындағы шығармаларға ұлттық нақыш, халықтық әуен тән.

40 жылдық тарихи бар ансамбльдің өнері бүгінгі таңда Франция, Германия, Швейцария, Үндістан, Латын Америкасы және Африка елдерінің әнсүйер қауымына жақсы таныс болып отыр. Өнер ұжымы көптеген байқаулардың жеңімпазы атанған.

2003 жылы «Песняры» ансамблінің үздіксіз жетекшісі КСРО-ның халық әртісі Владимир Мулявин қазаға ұшырағаннан кейін ұжымға Беларус Республикасының еңбек сіңірген әртісі Леонид Борткевич басшылық етуде.

Танымал өнер ұжымы сондай-ақ Қарағанды, Теміртау, Степногор қалаларында да концерттерін беруді жоспарлап отыр.