Астанада пианиношы Н. Ысмайыловтың «Фортепианолық музыка кеші» атты жеке концерті өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 қаңтарда «Астана Опера» театрының Камералық залында асқан шебер пианиношы Нұрлан Ысмайыловның «Фортепианолық музыка кеші» атты жеке концертін өткізеді. Шара кемеңгер композитор Фредерик Шопенның туғанына 205 толуына орайластырылған, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
Кеш бағдарламасы польшалық ұлы композитор және аса көрнекті пианиношының шығармаларынан тұрады. Бірінші бөлімде 24 кіріспе (ор.28) орындалса, екіншісінде - төрт баллада ұсынылады.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Ысмайылов, аталған музыкалық туындылар Шопен шығармашылығының жауһарлары екенін атап өтті. «Тіпті, оның да еңбектерінің ішінде көрнекті және соншалықты жарқ етіп көзге түсе қоймағандары кездеседі. Бұл концертте мен Шопенның терең ойлы, есте қаларлық туындыларын орындаймын. 24 кіріспе - бұл барлық 24 үндестілікті бір идеяның төңірегінде тоғыстыратын үзілмейтін цикл. Еңбек жолында композитор 24 көркем шығармасын дүниеге әкелді және айта кетерлігі, солардың әрқайсысында композиторлық тапқырлық пен техникаға ерік берілген», дейді музыкант.
Оның айтуынша, осы шығармалардың барлығы композитордың өмірбаянынан сыр шертеді. «Біздер, орындаушылар үшін де, олар біздің өміріміздің айнасы іспеттес екенін айта кетейін. Мұндағы айтайын дегенім, оның кейбір туындыларын он сегіз жастағы бозбала кезімде орындасам, кейін 25, 35, 60 жасымда ойнадым, сонда, әр кезде жаңаша орындаймын. Жас кезімде өзімді, өзімнің «менмендігімді» көрсеткім келді. Ал қазір терең бойлауға тырысамын. Кез келген музыкант есейгенде өз шығармашылығына әлдебір баға береді деп ойлаймын, ал кейде тіпті танымастай өзгеріп кетеді. Айқын мысал ретінде ұстазым, аса көрнекті пианиношы Э. Гилельсті айта аламын, оның кемел шағындағы орындауынан нәзік философиялық сарынды байқайсың», - дейді Нұрлан Ысмайылов.
Нұрлан Ысмайылов Чайковский атындағы Мәскеу мемлекетітк консерваториясын профессорлар В.И. Носов пен Н.П. Емельяновтың класы бойынша (1970-1975), ассистентура-тағылымдаманы КСРО халық әртісі Э. Гилельстің класында (1975-1978) тәмамдаған. Жалпыодақтық конкурста (1977) және С. Рахманинов атындағы халықаралық конкурста (1983) арнайы сыйлықтарды иеленген.